Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФМШ) жұмысы тоқтатылды: жедел ішек инфекциясының белгілерімен 47 оқушы ауруханаға жатқызылды, мектеп интернатында тұратын тағы сегіз бала оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында жатыр. Бұл туралы қалалық инфекциялық ауруханаға сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.
Медициналық мекеменің дерегінше, оқушылар 12 және 13 қазанда ауруханаға жатқызылған. Олардың барлығы дәрігерлердің қарауында.
Оқиға туралы алғашқы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде amure_qaz02 пайдаланушысының жазбасынан тарады. Жазба авторы ауруханаға өзінің жиендері мен өзге ата-аналардың балалары түскенін айтып, улану мен ішек таяқшасын атап өтті. «Алматыдағы РФМШ — ұят! Қайда қарап жүрсіздер?! Менің жиендерім ауруханаға түсті. Тек менің ғана емес, өзге ата-аналардың да балалары ауруханаға түсті. Улану деп айтып жатыр. Кейбіреуінде ішек таяқшасы бар. Бүгін бүкіл мектепті 3 күнге карантинге жібергенін айтты. Неге еш жерде ештеңе айтпайсыздар?! Шамамен 50 оқушы ауруханаға түсті», — делінген жазбада.
Осы жазбаның астындағы пікірлерде ақпаратты Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы растады. Онда 12–13 қазанда жедел ішек инфекциясының белгілерімен РФМШ-ның 47 оқушысы ауруханаға жатқызылғаны нақтыланды. «Қазіргі таңда олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында. Мектеп интернатында тұратын тағы 8 бала оқшауланып, медициналық бақылауда жатыр», — деп атап өтті ауруханада.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және асхананың жұмысы тоқтатылды. Мамандар тексеріс жүргізіп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алынды. Ахуал бейінді қызметтердің бақылауында.


