Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФМШ) жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылған оқушыларының саны артып келеді: 15 қазандағы дерек бойынша олардың саны 55-ке жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, 12-15 қазан аралығында қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасына РФМШ-ның алматылық филиалының 55 оқушысы жеткізілді.
«Барлық балаға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Емдеу үшін барлық жағдай жасалған, науқастар дәрігерлердің тұрақты бақылауында», — деді басқармада.
Ведомство нақтылағандай, қазіргі таңда ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты, ахуал нашарлаған жоқ. Реанимациялық шараларды қажет ететін жағдайлар да тіркелген жоқ.
Бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің ондаған оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскені, содан кейін мектепте тексеру басталғаны хабарланған болатын.
Алдыңғы күні Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 48 оқушының ауруханаға жатқызылғанын, тағы 6 баланың интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында болғанын мәлімдеген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мектепте анықталған бұзушылықтарды атап, қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Оқу орнының өзінде оқушылардың уақытша қашықтан оқу форматына көшірілгені хабарланды. Кейінірек полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.


