Алматыда Республикалық физика-математика мектебі (РФМШ) оқушыларының жаппай улануына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексерудің жаңа мәліметтерін жариялады: ас блогында санитарлық талаптар бұзылғаны анықталып, сынамалардан ішек таяқшасы тобының бактериялары мен алтын стафилококк табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомствоның дерегінше, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауырған оқушыларды және ас блогының 38 қызметкерін тексеріп, дайын тағам, шикі өнім, ауыз су, беткі қабаттар мен ыдыстардан жақпалар, сондай-ақ дезинфекциялық құралдардың сынамаларын алды. Байланыста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылды.
Ас блогында санитарлық талаптардың бұзылғаны тіркелді: мәзірдің сәйкес келмеуі, өнімдер мен тәуліктік сынамаларды сақтау шарттарының бұзылуы, қажетті құжаттама мен жабдықтарды таңбалаудың болмауы. Сонымен қатар оқушыларға медициналық бақылау ұйымдастыруда кемшіліктер анықталды.
Зертханалық зерттеулер үшін дайын тағамның 7 сынамасы, дайын өнімнің 2 сынамасы, шикі өнімнің 3 сынамасы, беткі қабаттар мен ыдыстардан 30 жақпа, судың 5 сынамасы және дезинфекциялық құралдардың 2 сынамасы алынды. Сондай-ақ ас блогының 38 қызметкері патогенді стафилококк пен ішек инфекцияларының қоздырғыштарын тасымалдауға тексерілді.
Зерттеу нәтижелері жекелеген дайын тағамдардың микробтық ластануын, тағам сынамалары мен ыдыс жақпаларында ішек таяқшасы тобының бактерияларының болуын, сондай-ақ дезинфекциялық құралдың жұмыс ерітіндісінің нормативтік талаптарға сәйкес келмеуін көрсетті.
Зертханалық зерттеулердің қорытындысы бойынша ас блогының төрт қызметкерінен Staphylococcus aureus тасымалдауы анықталды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулылары негізінде бұл адамдар жұмыстан уақытша шеттетілді.
Мамандар сондай-ақ барлық ауырғандардың инкубациялық кезеңде интернат мектебінің асханасында тамақтанғанын анықтады. Олардың көбісі ауруды тауық рулеті мен бешбармақ жеумен байланыстырды.
Тергеу қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы екі хаттама толтырылды. Оқушыларға тамақ дайындайтын, жалға алынған РФМШ асханасының қызметі 13 қазандағы қаулыға сәйкес 60 күнге тоқтатылды.
РФМШ ас блогының жұмысы анықталған санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұзушылықтары жойылғаннан және бұл фактіні уәкілетті орган заңнамада көзделген жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша растағаннан кейін ғана қайта жанданады, деп нақтылады ДСЭК-те.
Бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің ондаған оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскені, кейін мектепте тексерулер басталғаны хабарланған. 15 қазанда РФМШ-ның алматылық филиалында ауруханаға жатқызылған оқушылар саны 55-ке жеткені белгілі болды. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мектепте анықталған бұзушылықтарды атап, шара қолдану туралы мәлімдеді, ал оқу орны оқушыларды уақытша қашықтан оқыту форматына көшіргенін хабарлады. Кейінірек полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Өткен аптада РФМШ-ның ауруханаға жатқызылған барлық оқушысы Алматыдағы ауруханадан шығарылды.


