Алматыда «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының алаңында жасанды интеллект технологияларын қолданатын роботтар өндірісі іске қосылады. NERO Group компаниясы қытайлық UBTECH Robotics-пен бірлесіп осындай өнім шығаруды жергіліктендіреді. Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 440 миллион долларға бағаланып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бастаманың егжей-тегжейін NERO Group басшысы Ерлан Набиев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында айтып берді. Қытайдағы робот өндірушілердің бірі — UBTECH Robotics компаниясымен келісімге әлі шілдеде қол қойылған. Жарияланған соманың 340 миллион доллары UBTECH-тің гуманоидты роботтар өндіру технологиясын трансферттеуге тиесілі, ал 100 миллион доллары NERO Group-тың жеке инвестициясы.
«Бұл — тек өндірістік бөлікті жергіліктендіру емес. Бұл — R&D (зерттеу және әзірлеу), зерттеулер, бағдарламалау, көптеген жұмыс орнын құру, сондай-ақ, әрине, өндірістік алаңдар. Айта кетейін, «ИТП» АЭА аумағында осы қажеттіліктерге арналған 25 мың шаршы метрлік үлкен орталық салып жатырмыз», – деді Ерлан Набиев.
Компания басшысының айтуынша, басты назар ойын-сауық бағытына емес, роботтарды білім беру, қызмет көрсету, өндіріс, логистика және әлеуметтік қолдау салаларында қолдануға аударылады.
NERO Group робототехниканы білім беруге енгізуге ерекше көңіл бөлмек. Компания басшысы оқушылар роботтарды құрастырып, оларды бағдарламалап, өздерінің қазақстандық роботтарын жасай білуі керектігін атап өтті. Мемлекеттік бағдарлама аясында компания мектептерге осыған қажетті құрал-жабдықты тегін береді.
«Алматы қаласы әкімдігінің тапсырмасы бойынша осы жылдың соңына дейін қаланың 30-ға жуық мектебін роботтармен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Келесі жылы, 2028 жылға қарай, қалған 200-ден астам мектепті де қамтимыз. 50 мың білім беру роботокешенін шығару жоспарланып отыр, яғни бұл — робототехника жинақтары. Сервистік және гуманоидты роботтарға келетін болсақ, жергіліктендіруді келесі жылдың, 2027 жылдың екінші тоқсанынан бастаймыз. Өндірістік қуаты 1 мың робот деңгейінде жарияланды», – деді NERO Group басшысы.
Бұған дейін Алматыда гуманоидты және білім беру роботтарын шығаратын зауыт салынатыны хабарланған. Ол әлемдегі робототехника саласының көшбасшыларының бірі — UBTECH Robotics компаниясының шетелдегі алғашқы өндірістік кәсіпорны болады.


