Алматыда Саина көшесінің Рысқұловтан Төле биге дейінгі бөлігінде жылдамдық 60 км/сағ дейін шектелгені белгілі болды. Бұл тәжірибе Аль-Фараби даңғылы мен ВОАД-та қолданыла ма, қалалық полицияда айтылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Саина көшесінің Төле би мен Рысқұлов аралығындағы екі бағытта да пилоттық режимде жаңашылдық — жылдамдықты 60 км/сағ дейін шектеу енгізілгенін түсіндірді.
«Бұл тәжірибені барлық жерде қолдану мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Біз оны жекелеген учаскеде, апаттылық деңгейін ескере отырып сынап жатырмыз. Талдау жүргізілді. Жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін осы әдісті қолданамыз. Бұл учаскеде сынақ аяқталмайынша, оны барлық жерде қолдануды жоспарлап отырған жоқпыз. Ал қалған учаскелерде жылдамдық режимі өзгеріссіз қалды», — деді Салтанат Әзірбек.
Еске салайық, бұған дейін Саина көшесінің бір учаскесінде жылдамдық режимі төмендетілгені хабарланған болатын. Сондай-ақ ведомство қолданыстағы жолақтардың енін қайта бөлу арқылы төрт жолақты қозғалыс ұйымдастыруға қол жеткізілгенін атап өтті.


