Алматыдағы Саина көшесінде бөлек жолақ іске қосылғаннан кейін қоғамдық көлік жылдамдығы артты, алайда оның әрі қарай жұмысы туралы түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ, деп хабарлайды infohub.kz.

Рысқұлов даңғылы мен Мұстафин көшесінің аралығындағы алты шақырымдық Саина көшесінде автобустарға арналған бөлек жолақ 20 маусымда іске қосылды. Алғашқы мониторинг нәтижелері қоғамдық көлік қозғалысындағы өзгерістерді көрсетті: таңғы сағаттарда аралықтардағы жылдамдық 11,8 пайызға, ал күндізгі орташа жылдамдық 18 пайызға артты.

«Мониторингтің алдын ала нәтижелері қоғамдық көлік қозғалысының жылдамдығы мен тұрақтылығының жақсарғанын көрсетіп отыр», — делінген әкімдік хабарламасында.

Қозғалысты оңтайландыру және қауіпсіздікті арттыру мақсатында іргелес учаскелерде қатар ауыстыру кезіндегі қақтығыстарды азайтуға мүмкіндік беретін жинақтаушы жолақтар ұйымдастырылғаны атап өтілді. Сонымен қатар, Саина көшесінің Рысқұлов даңғылы мен Төле би көшесі аралығындағы оңтүстік бағыттағы учаскесінде жылдамдық шектеуі 60 км/сағ болып белгіленді.

Әкімдікте атап өткендей, жаңашылдықтың автомобиль трафигіне әсерінің толық көрінісін әзірге бағалау мүмкін емес. Ол үшін, оның ішінде оқу жылының басталуымен көлік жүктемесінің өзгеруін ескере отырып, қосымша статистика қажет.

«Бөлек жолақтың тиімділігіне түпкілікті баға бейімделу кезеңі аяқталғаннан кейін және жеткілікті көлемде статистикалық деректер жинақталғаннан кейін, оның ішінде оқу жылының басталуына байланысты көлік жүктемесінің маусымдық өсуін ескере отырып берілетін болады», — деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Мониторинг жалғасуда. Мамандар автобустардың аралық уақыты мен тұрақтылығын да қадағалап отыр.

«Қазіргі кезеңдегі басты міндет — бөлек жолақтың тиімділігін және оның қоғамдық көлікке де, Саина көшесіндегі жалпы көлік жағдайына да әсерін объективті бағалау», — делінген хабарламада.

Бұл учаскеде қозғалысты одан әрі ұйымдастыру туралы түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. Егер бақылау нәтижелері өзгерістерді қажет етсе, жол қозғалысы схемасына түзетулер енгізілуі мүмкін.