Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған бұрынғы қонақ үй ғимаратының тағдыры анықталды. Ғимарат бұзылмайды, керісінше жөндеуден өтіп, IT-хабқа айналады, деп хабарлайды infohub.kz.
Бұған дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылғы тамызда сыйға тарту шарты негізінде қонақ үйдің мемлекет кірісіне өткенін, ал сол жылғы қыркүйекте Сот әкімшілігі департаментінің балансына берілгенін хабарлаған еді. Алайда желіде ғимаратты бұзуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Алматы қалалық әкімдігі NUR.KZ тілшісінің сауалына жауап беріп, бұл қауесетті жоққа шығарды. Онда ғимарат бұзылмайтынын, оның орнына кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, ғимараттың қасбеті, терезе ойықтары, ішкі бөлмелері қалпына келтіріліп, іргелес аумақ абаттандырылуда. Күрделі жөндеуден кейін ғимарат пайдалануға беріледі.
Жобаның инвесторы — «LeanQor» ЖШС. «Алматы» ӘКК» АҚ жұмыстарды жүргізу үшін ғимаратты ұсынса, қаржыландыру инвестордың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жоба мемлекет басшысының IT және AI инфрақұрылымын дамыту, кадрлар даярлау және осы салалардағы құзыреттерді арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Әкімдікте қаланың заманауи нысандарға деген қажеттілігін ескере отырып, бос тұрған ғимаратты бұзбай, пайдалану туралы шешім қабылданғанын түсіндірді. Жоба аяқталғаннан кейін ғимарат жер телімімен бірге «Алматы қаласының цифрландыру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне беріледі. Нысан цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ IT, AI, креативті индустрия және сабақтас бағыттардағы резиденттерді орналастыру үшін пайдаланылатын болады.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы қыркүйекте сот Қайрат Сатыбалдыұлын ұрлық ісі бойынша кінәлі деп танып, оны алты жылға бас бостандығынан айырды. Кейін оған мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан бас тартылды. 2024 жылғы сәуірде Астанада Сатыбалдыұлының ісі бойынша жаңа сот басталып, оның Ресейдегі, БАӘ-дегі, Франциядағы және Қазақстандағы мүлкі қаралды. Сатыбалдыұлы мемлекетке жылжымайтын мүлік пен люкс автокөліктерді қайтаруға келісті. Антикордың дерегінше, оның ісі бойынша тағы 50 млрд теңге қайтарылады, ал Бас прокуратура бұл сомаға мүлік мемлекетке қайтарылатынын хабарлады.


