Алматы мен Шанхай ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге келді. Қытай делегациясының сапары қорытындысы бойынша Алматы мамандарына Қытай Халық Республикасындағы клиника базасында оңалтудың озық әдістемелерін меңгеруге мүмкіндік беретін меморандум дайындалуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, мегаполиске Шанхай делегациясы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды медициналық және әлеуметтік оңалту саласында тәжірибе алмасу аясында келді.
Қонақтар №4 Қалалық аурухана жанындағы Травматология және ортопедия өңірлік орталығына барып, онда оларға тірек-қимыл аппаратының аурулары мен жарақаттары бар науқастарға медициналық көмек көрсету және оңалту тәсілдері көрсетілді.
Сонымен қатар, делегация «Мейірім» оңалту орталығында болып, балалар мен олардың отбасыларын оңалту және сүйемелдеу тәжірибесімен танысты.
Жұмыспен қамту бөлігінде қалалық Еңбек мобильділігі орталығында делегацияға кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және жеке сүйемелдеудің қолданыстағы құралдары таныстырылды. Оның ішінде адамға жұмыс орнында бейімделуге көмектесетін Job Coach тәсілі туралы айтылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар тәжірибе алмасу, бірлескен бастамалар және әлеуметтік оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум дайындауға келісті.
Осы құжат аясында алматылық дәрігерлер Шанхайдың «Янчжи» оңалту ауруханасының базасында практикалық тәжірибе ала алады деп жоспарлануда. Сондай-ақ бірлескен семинарлар мен оқыту жоспарланған.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның тағы төрт облысында мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту іске қосылатынын жазған болатын.


