Алматының Түрксіб ауданында бұрын бос жатқан жерде скейтбординг алаңы бар жаңа сквер пайда болды. Жас Қанат шағын ауданында абаттандыру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізілді. Бұл туралы мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жаңартылған аумақта серуендеу жолдары, жасыл аймақтар және скейтбординг алаңы салынды. Әкімдіктің нақтылауынша, жұмыс барысында 20 мың шаршы метрден астам аумақ көгалдандырылып, шамамен 6 мың шаршы метр тротуар плиткасы төселді, асфальтталды және резеңке жабынды учаскелер жасалды.

Сонымен қатар скверде 53 жарық тірегі, сәндік жарық құрылымдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері және шағын сәулет нысандары орнатылды. Мұнда перголасы бар демалыс аймағы және автоматты суару жүйесі де жасақталды.

Жаңартылған аумақ шағын аудан тұрғындарының серуендеуіне, демалысына және спортпен шұғылдануына арналған.