Алматыда 17 бен 21 жас аралығындағы алты адам сот алдына келді. Олар екі 17 жастағы жасөспірімнің өліміне әкелген жаппай төбелеске қатысты айыпталуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қылмыстық істер бөлек қаралуда. Кеше сот олардың біріншісін – бір жігіттің өлтірілуіне қатысты істі қарады. Бұл іс бойынша бір айыпталушы «Кісі өлтіру» бабы бойынша, екіншісі тонауға, қалғандары бұзақылыққа қатысы бар деп күдіктелуде. Үш сотталушы бес айдан бері қамауда, тағы үшеуі үйқамақта.
«Біз қылмыстық істі бір өндіріске біріктіру туралы өтініш жасадық. Оқиға бір, төбелес бір жерде болды, олар тығыз байланысты. Бір өндірісте қарау орынды. Неге? Өйткені куәлардың жауаптары алынады. Олар біздің іс бойынша куә ретінде өтуі мүмкін», – деді адвокат Мейрман Шекеев.
Еске салайық, қайғылы оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Жаппай төбелес кезінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім пышақ жарақатын алды. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген оларды аман алып қалу мүмкін болмады. Полиция барлық күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімдерге өлім жарақатын кімнің салғаны анықталды. Күдіктілерге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр.
Сонымен қатар, қаза тапқандардың бірінің туыстары күдіктілердің бірі ұлдарынан бірнеше ай бойы ақша бопсалағанын мәлімдеді. Ішкі істер министрлігі үш қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.


