Алматыда диплом тапсыру салтанатында түлектің құжатын көпшілік көзінше жыртып тастаған видеосы әлеуметтік желіде кең тарап, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy сайты.

Жазбада жас жігіттің дипломды алып, оны жыртып жібергені көрінеді. Бұл әрекет желі қолданушыларының наразылығын тудырып, көпшілік оны білімге, оқу орны мен оқытушыларға деген құрметсіздік деп бағалады.

Алайда кейінірек бұл алдын ала жоспарланған қойылым екені анықталды: колледж студенті мемлекеттік дипломның түпнұсқасын емес, арнайы дайындалған көшірмесін жыртқан. Соған қарамастан, Алматыдағы Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің (ICB) студенті Дәулет Айдосұлы көпшілік алдында кешірім сұрады.

«Мен, Абдрахман Дәулет Айдосұлы, Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің (ICB) студентімін. Әлеуметтік желілерде таралған диплом тапсыру рәсіміндегі бейнежазбаға байланысты колледж ұжымынан, оқытушылардан, Білім басқармасынан және барша жұртшылықтан шын жүректен кешірім сұраймын. Мен шын дипломымды жыртқан жоқпын. Видео үшін алдын ала дайындалған дипломның көшірмесін пайдаландым. Менің әрекетімде ешқандай жаман ниет немесе колледжге және оның құндылықтарына құрметсіздік көрсету мақсаты болған жоқ. Болған жағдайға шын жүректен өкінемін және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде беремін», – деді студент.

Айта кетейік, кең тараған видео сын тудырып, диплом тапсыру салтанатының мәні мен оны оқу орындарында құрметтеу мәселесін тағы да көтерді.

infohub.kz