1 мамырда Алматыда 60 субұрқақ іске қосылады, деп хабарлайды infohub.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, қалада барлығы 66 субұрқақ бар, оның алтауы қайта жаңғыртуда – «Бақбақ», «Аққу», «Қызғалдақ», М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және ҚР мемлекеттік музейінің алдындағы субұрқақтар.

«Алматы – ортақ үйіміз» науқаны аясында субұрқақтардың тостағандары, түбі, қабырғалары тазартылып, гранит плиталары қалпына келтірілді.

«Мамандар субұрқақтардың сәндік элементтерін бояды, электр жабдықтары мен сорғыларға, электр желілеріне, сумен жабдықтау және кәріз желілеріне ревизия жүргізді. Коммуналдық қызмет жеткізушілерімен сумен және электрмен жабдықтау жүйелерін қайта іске қосу жұмыстары жүргізілді. Дайындық барысында апатты учаскелер анықталып, қазіргі уақытта сумен және электрмен жабдықтау инженерлік желілерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда», – деп мәлімдеді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

8 сәуірден 8 мамырға дейін «Алматы – ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Оның аясында қалада, тауларда, өзендер мен көлдерде қоқыстардан тазарту, ағаш, гүл және бұталарды көптеп отырғызу, ғимараттардың қасбеттерін жуу, шағын архитектуралық нысандарды, қоршауларды, балалар мен спорт алаңдарын жөндеу және бояу жұмыстары жүргізілуде.

Бұған дейін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде Астанада да субұрқақтар іске қосылатыны хабарланған болатын.