Алматыда «сүт безі қатерлі ісігі» диагнозымен 20-ға жуық ер адам есепте тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы онкологиялық орталығының өкілдері айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Орталық дәрігерлері ең жас және ең үлкен жастағы науқастар жайында әңгімеледі. Анықталғаны, сүт безі қатерлі ісігі тек әйелдерге ғана тән емес.
«Биыл Алматы онкологиялық орталығында тіркелген ең жас науқастың жасы — 21-де. Мен сол науқасты өз қолыммен есепке алдым. Қазіргі таңда ол онкоинститут жағдайында кешенді ем қабылдап жатыр. Ем сәтті өтіп, нәтижесін көріп отырмыз. Ал қатерлі ісік жыл сайын жасарып барады», — деп түсіндірді Алматы онкологиялық орталығының онколог-маммолог дәрігері Балзия Қалымбетова.
Ал ең үлкен жастағы науқас — сүт безі қатерлі ісігімен ауырған 93 жастағы әйел.
«Негізінен, сүт безі қатерлі ісігінің жас шектеуі жоқ. Ер адамдарда да сүт безі қатерлі ісігі дамуы мүмкін. Алматы онкологиялық орталығында 20-ға жуық ер адам есепте тұр. Әрине, ерлерде сирек кездеседі, бірақ соған қарамастан ерлер де қауіп тобында, өкінішке қарай», — деп қосты Алматы онкоорталығының консультациялық-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Ақбота Әділова.
Дәрігерлердің айтуынша, биылғы сегіз айда сүт безі қатерлі ісігінің 659 жағдайы анықталған.
«Оның ішінде 5 әйелде нөлдік саты, 305 әйелде бірінші саты, 312 науқаста екінші саты, 20 әйелде үшінші саты және 17 науқаста төртінші саты анықталды. Негізінен, қатерлі ісік екінші сатыда анықталады», — деді Балзия Қалымбетова.


