Алматы Tatler Asia басылымының нұсқасы бойынша қысқы туризмге арналған Азияның үздік сегіз бағытының тізіміне енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Қазақстандық мегаполис жапондық Хоккайдо, қытайлық Харбин және оңтүстіккореялық Тогюсанмен бір қатардан табылды.
Басылым тау шаңғысы курорттарының қалаға жақындығын ерекше атап өтті. Tatler Asia дерегінше, аспалы жол «Медеу» биік таулы кешенінен «Шымбұлақ» курортына 20 минуттан аз уақытта жеткізеді. Одан әрі туристер теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктіктегі Талғар асуына көтеріле алады — мұнда әлемдегі ең биік таудағы түнгі сырғанау трассасы орналасқан.
«Алматының бірегей бәсекелік артықшылығы — заманауи мегаполис пен биік таулы курорттың ұштасуы. Әлемде бір күннің ішінде тау шаңғысын теуіп, ұлттық мәдениетпен танысып, мұражайларға, мейрамханаларға және заманауи арт-кеңістіктерге бару мүмкіндігін беретін қалалар аз. Осы әлеуетті одан әрі ашу үшін әкімдік Алматы тау кластерін дамыту жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба жаңа аспалы жолдар салуды, тау шаңғысы трассаларының желісін кеңейтуді, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, жыл бойы туризм үшін жаңа мүмкіндіктер жасауды көздейді», — делінген жарияланымда.
Атап өтілгендей, Tatler Asia тарапынан берілген баға Қазақстанның бүкіл туристік саласы үшін маңызды жетістік. Ол отандық курорттардың бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді, шетелдік туристер мен инвестицияларды тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ Алматының Азияның перспективалы тау туризмі орталықтарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтады.


