Алматы тауларында 28 қыркүйекте топтан бөлініп, жалғыз жүріп кеткен шетелдік азаматты іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Талғар асуы маңында, шамамен 3200 метр биіктікте 1953 жылы туған шетелдік іздестірілуде. Ол 28 қыркүйекте топ құрамында «Шымбұлақ» канат жолымен көтерілген.
«Осыдан кейін ол әріптестеріне маршрутты жалғыз жалғастырып, қалаға сүйемелдеусіз түсетінін айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған. 29 қыркүйекте оның жоғалғаны туралы ақпарат "112" пультіне түсті. Сол күні ТЖМ дереу іздеу-құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Алматы қаласы ТЖД жедел штабы орналастырылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Қиын жететін учаскелерді тексеруге ТЖМ күштері мен құралдары, Алматы қаласының мониторинг және жедел ден қою орталығы, кинологиялық есептер, ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары, полиция департаментінің қызметкерлері, «ДСС» еріктілері жұмылдырылды. Барлығы 50-ге жуық адам, 8 техника бірлігі, 7 ұшқышсыз ұшу аппараты, 3 кинологиялық есеп және «Қазавиаспас» тікұшағы тартылды.
«Қазавиаспас» тікұшағының экипажы Солтүстік Талғар, Богданович мұздығы және оған іргелес шатқалдардағы шыңдар мен асуларға қарай тау маршруттарын тексерді. Сондай-ақ 7 ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланып, жаяу іздеу топтары қиын жететін учаскелер мен тау соқпақтарын тексереді, бейнебақылау камераларының жазбаларын қарау және іздеу жұмыстары жүргізілген ауданда болған туристерден сұрау жалғасуда.
«Іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Құтқарушылар күрделі рельефті, биіктікті және жекелеген учаскелердің қиын жететінін ескере отырып, таулы жерді тексереді», — деп сендірді ТЖМ.


