Алматыда Әуезов ауданының патрульдік полиция қызметкерлері ер адамды тоқтатты. Оны тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған 10 күдікті орама табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, орамалар ұсталған адамның курткасы мен джинсы қалталарынан шыққан: ұнтақ зип-пакеттерге бөлініп салынған. Сонымен қатар ер адамнан ұялы телефон да алынды.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, ер адам Telegram арқылы табыс табу туралы ұсынысқа тап болған. Белгісіз адамдар тыйым салынған заттарды жеткізіп, «тайник» деп аталатын жасырын орындарды орналастырғаны үшін ақы уәде еткен.
«Ұсталған күні оған қала аумағында 10 жасырын орын жабдықтау тапсырылды. Алайда ол ойлағанын аяғына дейін жеткізе алмады. Көптеген полиция көлігін көрген ол күдікті заттан құтылмақ болды, бірақ ұсталды», — деп айтты полицияда.
Алынған зат сараптамаға жіберілді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.


