Алматының Алатау ауданындағы Дархан шағын ауданында екі жер телімінің бір бөлігін алу жоспарланып отыр. Бұл шешім қаланың Жер қатынастары басқармасының сайтында жарияланған, 2026 жылғы 4 қарашадағы әкімдік қаулысымен бекітілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжатта нақтыланғандай, жер Тлендиев көшесін салу үшін қажет: жол қала шекарасы бағытында ұзартылып, қазіргі трассамен жалғанады.
Алуға Қуанышбаев көшесіндегі екі телім кіреді. Біріншісі — 54А үй: телімнің жалпы ауданы 0,0770 гектар, оның 0,0018 гектарын, яғни 18 шаршы метрін алу жоспарлануда. Екіншісі — 55 үй: жалпы ауданы 0,0537 гектар болса, иеліктен шығарылатыны 0,0036 гектар, немесе 36 шаршы метр.
Жалпы алғанда, жол жобасын жүзеге асыру үшін 54 шаршы метр жерді иеліктен шығару көзделген.
Жер алу рәсімін 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарлануда. Жер қатынастары басқармасына меншік иелеріне заңда белгіленген тәртіппен өтемақы төлеуді қамтамасыз ету, ал «Қала жер орталығы» кәсіпорнына жылжымайтын мүлік иелерін хабардар ету тапсырылды.
Түсініктеме алу үшін меншік иелері мына мекенжайға жүгіне алады: Алматы, Төле би көшесі, 155, алтыншы қабат, 602 кабинет.
Еске салайық, қараша айының басында Бостандық ауданында Алматының әкімшілік макетін салу үшін Жароков көшесі бойындағы екі жер телімін алу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. Алатау ауданында Теректі шағын ауданындағы телімнің бір бөлігі алынады — Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін салу үшін.


