Алматы тұрғындары қаланың Жетісу ауданында орналасқан жаңа топиарлық саябақтағы абаттандыру нысандарының бүлінгенін хабарлап отыр. Қала тұрғындарының айтуынша, келушілер жануарлар мен үйшіктер пішіндегі мүсіндерді қиратып жүр, деп жазады infohub.kz сайты.

21di_17_ деген никпен тіркелген қолданушы Threads желісінде Жетісу ауданындағы жаңа саябақтың жай-күйін көрсететін бейнежазба жариялады. Алматылық әйел жануарлар мен үйшіктер пішіндегі топиарлық мүсіндердің балалар үнемі мініп ойнағанынан бүлінгенін көрсетті.

«Жетісу саябағы, Жангелдин-Рысқұлов. Бір ай болған жоқ, бірақ бәрі қирап қалған. Өкінішті. Ата-аналар, балаларыңызды қадағалаңыздар, 15 жастағы балаларыңызды ол жерге көтеріп, суретке түсірудің, олармен бірге тұрып күлудің қажеті жоқ. Тәрбие үлкендерден басталады. Бізге қарап, олар мемлекеттік мүлікті қорғайтын болады! Бәрі қирап жатса, кейін балаларымыз қайда серуендейді?» — деп жазды алматылық.

Жарияланымға Жетісу ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімі жауап берді.

«Саябақ келушілерін қоғамдық тәртіпті сақтауға және абаттандыру нысандарына ұқыпты қарауға шақырамыз. Сонымен қатар, мердігер ұйым — «БеМир-Құрылыс» ЖШС кепілдік міндеттемелер аясында ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін топиарлық саябақта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетінін хабарлаймыз», — делінген хабарламада.