Алматыда полиция қызметкерлері түнгі пышақтасуға қатысты деп күдіктелген алты жасөспірімді ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Түн ортасы шамасында «102» пультіне көшеде пышақ ұстаған бір топ жасөспірімдер туралы хабарлама түсті. Полиция қызметкерлері бірнеше минут ішінде оқиға орнына жетті.

Құқық қорғау органдары жанжал барысында бір жасөспірімнің пышақ жарақатын алғанын анықтады. Бағдар алып, «Буран-308» экипажы алты күдіктіні жедел ұстады.

Ұстау кезінде олардың кейбіреуінің киімінен қанға ұқсас іздер табылды. Сондай-ақ тергеу үшін маңызы бар заттар алынды.

Барлық ұсталғандар Әуезов ауданының полиция басқармасына жеткізіліп, онда тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның толық хронологиясын, жанжалдың себептерін, әр қатысушының рөлін, сондай-ақ тікелей пышақ жарақатын салған адамның жеке басын анықтауда.