Алматыда Тұңғыш Президент саябағы келушілер үшін уақытша жабылады. Бұл — аумақта жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте Тұңғыш Президент саябағын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Осыған орай құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатқан кезеңде саябақ аумағы келушілер үшін толығымен жабылады.
Реконструкция аясында инженерлік және жол-жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жаңарту, аумақты кешенді абаттандыру және көгалдандыру жоспарлануда.
Реконструкция кезеңінде қала тұрғындары мен қонақтары жақын орналасқан Flow Park саябағына бара алады. Оған іргелес аумақтарды жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі арқылы жетуге болады.
Жұмыстардың аяқталу мерзімі мен саябақтың ашылу күні туралы қосымша хабарланады. Әкімдік азаматтарды серуендеуді жоспарлау кезінде уақытша шектеуді ескеруді сұрайды.
Еске салайық, бұған дейін саябақты өзгерту жоспарлары, оның ішінде шамамен 150 бейнебақылау камерасын орнату туралы хабарланған болатын. Сондай-ақ саябақ 2010 жылдан бері жөнделмегені және оны кезең-кезеңімен жабу жоспарланғаны айтылған. Кейін реконструкция кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші демонтаждалатыны белгілі болды.


