Алматыда коммуналдық ақылы тұрақтардың тарифтерін қайта қарау ұсынылып отыр: қазір тұрақ сағаты орнына қарамастан 100 теңге тұрады, алайда қала бірыңғай мөлшерлемеден бас тартпақ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қолданыстағы тариф 2016 жылдан бері күшінде. Осы уақыт ішінде мегаполистегі көлік саны миллионнан асып кетті, соның салдарынан жолдарда және тұрақтардың жанында жиі ретсіздік туындайды: жүргізушілер бос орын іздеп орталықты сағаттап айналып жүреді, кептеліс жасайды және көліктерін екінші қатарға қалдырады.
Енді тұрақ құнын көшелердің жүктемесіне байланыстыру ұсынылып отыр. Жоба Алматы мәслихатының сессиясында таныстырылды:
Сағатына 100 теңге — көлік аз жерлерде;
Сағатына 150 теңге — орташа жүктемесі бар аймақтарда;
Сағатына 200 теңге — сұранысы жоғары ең танымал орындарда (мысалы, ірі сауда орталықтарының жанында).
Мұндай тәсіл әлемнің басқа да қалаларында қолданылады. Мәскеуде тұрақ құны нақты көшенің жүктемесіне байланысты. Орталық аудандарда тарифтер сағатына 600 рубльге (шамамен 3200 теңге) жетеді, ал кейбір учаскелерде динамикалық баға сағатына 800 рубльге (шамамен 4300 теңге) дейін барады.
Еуропа қалаларында да тұрақ құнын саралау кең таралған. Мысалы, Амстердам орталығында тұрақ сағаты орта есеппен 4,22 еуро (шамамен 2200 теңге), ал кейбір орталық көшелерде 7,50 еуро (шамамен 3900 теңге) тұрады. Еуропалық көлік қауымдастығының зерттеуі тұрақ құнын арттыру көшедегі тұрақ орындарына сұранысты және автомобильмен жүріп-тұру санын азайтуы мүмкін екенін көрсетті.
Әлемдік тәжірибемен салыстырғанда, біздің сағатына 200 теңгеміз өте қарапайым.
Сонымен қатар Алматыда ақылы тұрақтардың жанындағы үйлердің тұрғындары үшін жеңілдіктер сақталады. Олар арнайы рұқсат рәсімдеп, үйінің жанындағы тұрақ орындарын тегін пайдалана алады.
Жоба авторларының пікірінше, жаңа жүйе ең жүктемесі жоғары аудандардағы тұрақ орындарын босатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қала ең сұранысқа ие тұрақтардан көбірек табыс ала алады.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Алматы мәслихатының депутаттары Медеу мен Шымбұлаққа автомобильдердің кіруінің жаңа ережелері жобасын қолдағанын жазған болатын. Жобаны Алматы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгереев таныстырды.


