Алматылық тұрғын ақпараттық тақтайшада көрсетілген тұрақ бағасы мен шотынан нақты алынған соманың сәйкес келмеуіне тап болды. Ол наразылығын Threads әлеуметтік желісінде білдірді, ал қалалық тұрақ қызметі жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
kislotron_kz деген пайдаланушының айтуынша, тақтайшада сағатына 100 теңге деп жазылған, алайда шоттан 200 теңге алынған. Ол бұл әділетсіздікті дүкендегі витринадағы баға мен кассадағы соманың сәйкес келмеуімен салыстырды.
«Мен дүкенге келіп, витринада 500 теңгелік тауар тұрғанын көрсем, ал кассада оны 1000 теңгеге өткізсе, мен оны 500 теңгеге сатып алуға құқылымын. Бұл — заң, оны бәрі сақтауға міндетті. @almaty_parking-ке ғана сақтамайтын болып шықты ма?» — деп жазды жазба авторы.
Ер адам тұрғын үйлердің жанында да ақылы тұрақтардың пайда болғанына, ал оның айтуынша, тұрақ құны тақтайшаларда көрсетілген бағаға сәйкес келмейтініне де наразы болды.
«Витринада сағатына 100 теңге деп жазылған, ал іс жүзінде 200 теңге төленеді, неге? Бүкіл қаланы тұраққа толтырды, үйдің жанында да енді ақылы тұрақ, үстіне алдап отырсыздар. Маған 200 теңгемді қайтарыңыздар», — деді ол компанияға.
«Алматы паркинг» 2026 жылғы 4 қазандаң бастап қалада ақылы муниципалдық тұрақтарға сараланған тариф жүйесі қолданылып жатқанын хабарлады.
«Тұрақтың бір сағатының құны нақты учаскенің жүктемесі мен көлік ағынының қарқындылығына қарай 100, 150 немесе 200 теңгені құрайды. Тексеру барысында бұл учаскеде ақпараттық тақтайшаларда көрсетілген және іс жүзінде қолданыстағы тұрақ құны арасында қысқа мерзімді сәйкессіздік болғаны анықталды», — деп мәлімдеді компанияда.


