Алматыда синтетикалық есірткіні заңсыз сақтау және таратуға күдікті 40 жастағы ер адам ұсталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 400-ден астам орама белгісіз затты тәркіледі. Оның шығу тегін сараптама анықтайды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ұсталу Алатау ауданында болды. Полиция мәліметінше, «жеке тексеру кезінде одан ондаған дайындалған орама табылды. Тағы жүзге жуық осындай буманы полицейлер күдіктінің көлігінен тәркіледі».
Күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізу кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері заттар, электронды таразы, орау материалдары және орауға қолданылған басқа да бұйымдарды тапты. Сонымен қатар, «қала аумағында жабдықталған бес тасадан полиция қызметкерлері сараптамалық зерттеуге жіберілген тағы үш жүзден астам орама затты анықтап, тәркіледі», — деп қосты полиция.
Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер тәркіленген заттардың шығу тегін анықтап, олардың тарату жолдарын және істің өзге де мән-жайларын тексереді.


