27-нен 28-іне қараған түні Almaty Museum of Arts (ALMA) мұражайының қасбеті түрлі-түсті шеңберлерден тұратын пульстік кенепке айналды — Алматыда жапондық аты аңызға айналған суретші Яёи Кусаманы осылай еске алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мұражайдан түсіндіргендей, шеңберлер — Кусама шығармашылығындағы ең танымал мотивтердің бірі.
Яёи Кусама 14 тамызда Токиода 98 жасында қайтыс болды. Ол қазіргі заманның ең танымал суретшілерінің біріне айналды. Оның туындылары шексіздік, кеңістік және өнерді қабылдау тақырыптарымен байланысты.
Almaty Museum of Arts — Орталық Азия мен ТМД-дағы Кусаманың туындылары тұрақты коллекцияға енген жалғыз мұражай.
Қазір келушілер оның 2013 жылы жасалған LOVE IS CALLING инсталляциясын көре алады. Ол әйгілі Infinity Mirror Rooms цикліне кіреді. Кеңістік ішінде нүктелі жарқыраған пішіндер бар, ал суретшінің дауысы махаббат, мәңгілік және адам өмірі туралы өлең оқиды.
2027 жылы мұражай коллекциясында Кусаманың тағы бір туындысы пайда болады — 2023 жылғы Aspiring to Pumpkin’s Love, the Love in My Heart қола мүсіні. Ол суретшінің ең танымал бейнелерінің бірі — асқабаққа арналған.
ALMA-да қасбеттегі жарық проекциясы Кусаманың туындыларын көшірмейтінін атап өтті. Ол суретшіні еске алу үшін, оның шығармашылығы мен шексіздік тақырыбынан шабыттанып, арнайы жасалған.
«Яёи Кусама әлемге қарапайым формаларда шексіздікті көруді, ал өнерден ем табуды үйретті. Оның шығармашылығын біздің аймақта ұсынатын институт болу — үлкен артықшылық пен жауапкершілік», — деді ALMA коммуникациялар жөніндегі жетекшісі Гауһар Сәтпаева.
Оның айтуынша, жарық проекциясы туындылары мен дауысы мұражайда өмір сүруін жалғастырып жатқан суретшіге құрмет белгісі болды.


