Алматыда екі күнге созылған рейд қорытындысы бойынша 500 литрден астам алкоголь өнімі заңсыз айналымнан тәркіленді. Полицейлер Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, 300-ден астам сауда нысанын — азық-түлік дүкендері мен ойын-сауық орындарын тексерді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, тексеру барысында спирттік ішімдікті лицензиясыз сатып, оны өткізу ережелерін бұзған кәсіпкерлер анықталды.

Полиция дерегінше, рейд нәтижесінде тиісті лицензиясыз алкоголь саудалаған 17 жеке кәсіпкер анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Заңсыз айналымнан 500 литрден астам алкоголь өнімі тәркіленді.

Сонымен қатар алкогольді өткізу талаптарын бұзғаны үшін тағы 12 кәсіпкер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция мұндай рейдтердің жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын, олардың алкогольдің заңсыз айналымын тоқтатуға және құқық бұзушылықтардың, оның ішінде алкогольдік масаю жағдайында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.