Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен заңсыз құрылысқа, соның ішінде мақсатты жер санаты жеке тұрғын үй құрылысын көздемейтін — бақша немесе жеке қосалқы шаруашылық учаскелерінде тұрғын үй салуға қатаң бақылау күшейтілді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бақылау құрылыс жұмыстары басталғаннан нысанды пайдалануға қабылдағанға дейінгі барлық кезеңде жүргізіледі.

Қалалық құрылыс бақылау басқармасының дерегінше, жыл басынан бері қалада 52 заңсыз салынған нысан толық немесе ішінара бұзылды.

Басқармада атап өткендей, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі күшіне енуімен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауына деген көзқарас өзгерді. Бұрын жеке тұрғын үй құрылысы жеңілдетілген тәртіппен жүргізіліп, басқа нысандардағыдай құрылыс бақылауымен толық қамтылмайтын. Жаңа заңнама бұл шарттарды өзгертті. Қазіргі таңда заңнамада рұқсат беру рәсімдерінен өтуге, құрылысты жобалауға дейінгі және жобалық дайындыққа қойылатын талаптар жаңартылды.

Бұл әсіресе мақсатты жер санаты жеке тұрғын үй құрылысын көздемейтін учаскелерде жеке тұрғын үйлер салынған жағдайлар тіркеліп отырған Алматы үшін маңызды.

«Жер учаскесінің болуы оның үстіне кез келген параметрмен және мақсатпен нысан салуға құқық бермейді. Құрылыс жер учаскесінің мақсатты санатына, қала құрылысы регламенттеріне және заңнама талаптарына сай болуы тиіс», — деп атап өтті құрылыс бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаев.