Оқиға Алматы халықаралық әуежайында болды: зейнеткер жастағы жолаушы FlyArystan әуекомпаниясының рейсінен сөмкесінде жарылғыш зат бар деп әзілдегеннен кейін түсірілді. Осыған байланысты Ақтауға бет алған ұшақтың ұшуы екі сағатқа кешіктірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Qumash Telegram-арнасында видео жариялаған жолаушының айтуынша, бортсерік сөмкені жоғарғы сөреге көтере алмаған, сонда қарт жолаушылардың бірі оған көмектеспек болған. Ол багаждың ауырлығы туралы әзілдеп, сөмкеде жарылғыш зат болуы мүмкін екенін айтқан.

Көлік полициясы департаменті оқиғаның 3 қыркүйекте болғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, жолаушы қазақ тілінде «Мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма?» деген сөзінен кейін рейстен түсірілген.

Көлік полицейлері авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп жедел тексеру жүргізді, нәтижесінде тыйым салынған заттар мен жарылғыш заттар табылмады. Эвакуация жасалмады, әуежай әдеттегі режимде жұмысын жалғастырды.

Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық туралы материал жасалып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі. Полиция азаматтарды мұндай әзілдерден аулақ болуға шақырып, олар қылмыстық жауапкершілікке және бұзушының өзіне де, айналасындағыларға да теріс салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.