Алматыда Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының дәрігерлері жаңа туған қыз балаға күрделі ота жасап, салмағы 2 кг ісікті алып тастады. Бұл баланың дене салмағының жартысын құраған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сәби 18 тамызда жүктіліктің 34-аптасында сегізкөз-құйымшақ аймағындағы ісікпен дүниеге келді. Туылған кезде қыздың салмағы 4 кг болса, ісік 2 кг-ға жеткен. Бұл патология туған кезде қатерлі емес, алайда өмірінің алғашқы алты айында онкологиялық ауруға айналуы мүмкін, сондықтан мұндай ісігі бар нәрестелерге дереу ота жасалады.
Туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда неонаталдық реаниматологтар мен хирургтар тобы баланы орталыққа жеткізу үшін перзентханаға барды. Қызды жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесіне жатқызып, ауқымды отаға дайындай бастады. Келесі күні дәрігерлер ісікті алып тастау отасын жасады.
Орталықтың бөлімше меңгерушісі Саматбек Мырзахметтің айтуынша: "Бұл — сегізкөз-құйымшақ аймағының тератомасы, яғни әртүрлі тектес тіндерден, соның ішінде сүйек, жұмсақ тіндер мен кисталық қуыстардан тұратын ісік. Бұл біздің тәжірибедегі ең күрделі оталардың бірі болды: салмағы 2 кг ісік — баланың салмағымен тең дерлік. Туған кездегі жалпы салмақ 4 кг болса, дәл жартысын ісік құрады. Ота сәтті өтті. Ісікті алған соң бірден пластикалық ота жасадық. Тігістер байқалмайды, алдағы уақытта сәби ешқандай қолайсыздық сезінбейді. Бала аман-есен үйіне шығарылады".
Тератома іште дамып, жүктіліктің 20-аптасында скрининг кезінде анықталған. Ерлі-зайыптылар жүктілікті сақтап қалу үшін барлық мүмкіндікті жасады: олар бірнеше консилиум мен БШМКО хирургтарының кеңесінен өтті. Дәрігерлер денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін динамикалық бақылап отырды. 34-аптада сәби кесарь тілігі арқылы дүниеге келді.
Қыздың анасы Аяжан: "Бұл — төрт ұлдан кейінгі көптен күткен қыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады, біз бірден БШМКО-ға кеңеске келдік. Жалпы жүктілік жақсы өтті. 34-аптада ішім ауырып перзентханаға түстім, маған бірден кесарь тілігі жасалды, содан кейін баламмен осында ауыстырылдық. Қызымды құтқарған осы аурухана дәрігерлеріне өте ризамын. Баламды туғаннан кейін көрдім, сол үлкен ісікті көрдім. Баламның еміне қатысқан барлығына рахмет", — деді.
Айта кетейік, сегізкөз-құйымшақ тератомасы — жаңа туған нәрестелердегі ең көп таралған ісік. Ол ана құрсағында пайда болып, баламен бірге өседі, кейбір жағдайларда ауыр асқынуларға және өмірлік маңызды органдардың жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда ісік үлкен мөлшерге дейін өскен.
Жыл басынан бері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының жаңа туған нәрестелер бөлімшесіне 96 бала ауыстырылды, оның 72-сіне хирургиялық араласу қажет болды. Туа біткен ақаулардың дамуына әртүрлі ішкі және сыртқы факторлар, соның ішінде тұқым қуалаушылық, инфекциялар және басқа да әсерлер ықпал етуі мүмкін.


