Алматыда Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысына жуық жерде жаңа саябақ салу үшін 20-дан астам жер учаскесі алынады. Қала әкімінің тиісті қаулылары «Вечерний Алматы» газетінде жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құжаттарға сәйкес, әкімдік мемлекет мұқтажы үшін қаланың Медеу ауданындағы 21 жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастауды ұйғарды. Сөз ортақ пайдаланылатын нысан — Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке, Назарбаев даңғылынан батысқа қарай орналасатын саябақ туралы болып отыр.

Мәжбүрлеп иеліктен шығару күні белгіленді — 2028 жылғы 31 желтоқсан. Меншік иелеріне заңнамада белгіленген тәртіппен өтемақы төленеді, ал алынған соң жер учаскелері Алматының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының балансына беріледі. Бұзу жұмыстары Кирпичнозаводская, Панфилов және Назарбаев көшелеріндегі учаскелердің иелеріне қатысты болады.

Сонымен қатар қаланың басқа аудандарында да бірнеше учаске алынады. Мәселен, Құлжа трактісі, 94 мекенжайындағы учаске су құбырының сорғы станциясын салу үшін алынады. Көршілес Құлжа трактісі, 94/2 учаскесі Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейінгі Құлжа трактісін реконструкциялау үшін алынады. Тастақ-2, 5/1 шағын ауданындағы тағы бір учаске ортақ пайдаланылатын нысан үшін алынады.

Иеліктен шығару жұмыстарының барлығы 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Көкшоқы, 1/10 шағын ауданында орналасқан жалпы ауданы 0,9724 га жердің 0,1665 га бөлігіне «Көкжайлау» тау-шаңғы кешеніне апаратын жолды салу үшін құрылыс кезеңіне, 2029 жылдың соңына дейін шектеулі пайдалану құқығы белгіленеді.