Алматыда Түрксіб ауданы Қайрат шағын ауданында орналасқан «Жетісу-Семіречье» базарының сауда алаңдарын бұзу басталды. Нысандарды меншік иесі сот шешімін орындау үшін өз бетінше сүре бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, тексеру барысында «Статус Construction» ЖШС жалпы ауданы 56,4 мың шаршы метр сауда үй-жайларын рұқсат құжаттарынсыз салғаны анықталған.
«Меншік иесіне қатысты бұзушылықтарды жою туралы нұсқама бере отырып, әкімшілік шаралар қолданылды. Нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына бұзу туралы талап арыз берді, кейін сот талқылаулары жүргізілді», — делінген хабарламада.
Алматы қалалық сотының қаулысымен заңсыз нысандарды бұзу туралы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, материалдар орындауға әділет департаментіне жіберілді.
Нысандарды бұзуды меншік иесі сот шешімін орындау үшін өз бетінше бастады.


