Алматыда жолаушылар автобусы мен екі жүк көлігі — ЗИЛ және ГАЗ қатысқан ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан төрт адам дәрігерге қаралды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ тілшісіне Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға қаланың Жетісу ауданында тіркелді.
«Алдын ала деректер бойынша, Golden Dragon маркалы автобустың жүргізушісі Бөкейханова көшесімен солтүстікке қарай келе жатып, Райымбек даңғылына жақындағанда рульге ие бола алмай, жол жиегінде тұрған ЗИЛ маркалы жүк көлігімен соқтығысты», — делінген хабарламада.
Соққыдан ЗИЛ инерциямен алда келе жатқан ГАЗ маркалы көлікке соғылды. ЖКО салдарынан төрт адам, оның ішінде ЗИЛ жүргізушісі мен автобус жолаушылары медициналық көмекке жүгінді.
Алматы тұрғыны Ангелина Степанова Threads әлеуметтік желісінде автобуспен болған оқиға туралы жазба жариялады.
«Бүгін ұлыммен Бөкейханова — Райымбек бойында ЖКО-ға тап болдық. Кімнің кінәлі екенін білмеймін. Автобус бұрылысқа сыймай кеткен сияқты. Қатты соққы, шу, өте қорқынышты. Қорықтық, мына қыздың жағдайы жақсы болсын деп үміттенемін. Ол жедел жәрдем көлігімен кетті», — делінген жазбада.
Жарияланған бейнежазбада апаттың салдары көрсетілген. Автордың айтуынша, салонға сынған әйнектер ұшқан. Ол өзі мен ұлының автобустың алдыңғы бөлігінде болғанын, ал екі баласымен бірге болған жүкті қыздың зардап шеккенін айтты.
ЖКО фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Апаттың мән-жайы мен себептері анықталуда.


