Алматыда оқу жылының басына қарай 15 магистральдық көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ қалған нысандардағы жұмыстарды аяқтау мерзімдері белгіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Биыл оңтүстік астанада жалпы ұзындығы 250 шақырымды құрайтын 340 көшені орташа жөндеумен қамту жоспарлануда. Қалалық әкімдікте атап өткендей, бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, 1 қыркүйекке қарай ұзындығы 32 шақырымды құрайтын 15 магистральдық көшенің учаскелерінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Олардың қатарында Зенков, Жамақаев, Жетісу, Шемякин, Мәмбетов, Рысқұлбеков, Жанқожа батыр, Искендіров, Ақан Сері, Манас, Ғабдуллин, Жандосов, Орталық, Үшқемпіров көшелері және Құлжа трактісі бар.

Сонымен қатар, Жұбанов, Өтеген батыр көшелерінің учаскелерінде, сондай-ақ Алтынсарин және Абай даңғылдарында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселген. Алдағы демалыс күндері тығыз қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон қоспасынан жоғарғы қабатты төсеу жоспарлануда, одан кейін жол белгілері сызылады. Әкімдікте орташа жөндеу аясында жүріс бөлігінің барлық ені бойынша жабын жаңартылып, тротуарлар мен арық науаларының зақымдалған учаскелері де жөнделетінін атап өтті.

Аудандық маңызы бар көшелерге ерекше назар аударылуда. Алатау ауданында биыл 99 көше, Әуезов ауданында – 16, Наурызбай ауданында – 19, Бостандық ауданында – 39, Түрксіб ауданында – 21, Жетісу ауданында – 44, Медеу ауданында – 78, Алмалы ауданында – 1 көше орташа жөндеумен қамтылады. Қазіргі уақытта жұмыстар 70 пайызға аяқталған, толық аяқтау 31 қазанға дейін жоспарланған.

Сонымен қатар, басқарма тарапынан Ақжар, Боралдай және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында жалпы ұзындығы 96 шақырымды құрайтын жаңа жолдардың құрылысы жалғасуда, оның 80 пайыздан астамы дайын.