Алматы хайуанаттар бағында Пржевальский жылқысының құлыны дүниеге келді. Оған Желмая деген ат қойылды. Құлын Курбанкул атты биеден туды. Бұл – оның екінші толы. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады. Толығырақ — infohub.kz сайтында.
Пржевальский жылқысы – планетадағы ең сирек кездесетін жабайы жылқы түрлерінің бірі. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген.
Алматы хайуанаттар бағы жойылып бара жатқан жануарларды – ақбөкен, ақ аю, ақсүмбе бүркіт және, әрине, Пржевальский жылқысын сақтау бағдарламаларына қатысады. Әрбір төлдің дүниеге келуі қызметкерлер үшін қуаныш қана емес, сонымен қатар биоалуантүрлілікті сақтауға және жойылып бара жатқан түрлердің болашағына қосылған маңызды үлес саналады.
«Жануарларға барынша жайлы жағдай жасалады, жұптар халықаралық асылдандыру бағдарламасының ұсыныстарына сәйкес іріктеледі, тұрақты ветеринариялық бақылау жүргізіледі. Әрбір құлынның дүниеге келуі бұл жұмыстың нәтиже беретінін және әлемдегі сақталған жалғыз жабайы жылқы түрін сақтауға көмектесетінін дәлелдейді», – деді Алматы хайуанаттар бағының зооветеринария бөлімінің директор орынбасары Ағыбай Әжібаев.
Қазіргі уақытта Пржевальский жылқыларының тобы келушілер үшін жабық арнайы «тыныш» аймақта орналасқан. Анасы мен құлынының жағдайы жақсы. Бұған дейін Пржевальский жылқыларының бір тобы Берлин хайуанаттар бағынан Қазақстанға жеткізілгені хабарланған болатын. Бұл жануарлардың қазақ даласында қалай өмір сүріп жатқаны туралы алдыңғы жарияланымдардан білуге болады.


