Алматыдағы Сайран көлінің жағасынан қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қару табылды. Бұл туралы polisia.kz сайтына сілтеме жасап Infohub.kz хабарлайды.

Қару-жарақ 27 сәуірде полиция қызметкерлерінің «Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шарасы барысында анықталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл қару бұған дейін қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған.

Ел бойынша қару-жарақ тәркілеу

ІІМ мәліметі бойынша, жыл басынан бері құқық қорғау органдары 900-ден астам қаруды тәркілеген. Оның 74-і қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан 4 мыңнан астам оқ-дәрі алынды.

27-29 сәуір аралығында «Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шарасы аясында еліміз бойынша 67 атыс қаруы және әртүрлі калибрлі 200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.

ІІМ заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.