Әлеуметтік желілерде жасыл жайлаулар мен төбеден рельспен арнайы арбалармен түсетін туристер бейнеленген ерекше аттракцион видео таралып жүр. Көптеген қолданушылар бұл жер Алматыға жақын деп ойлады. Шын мәнінде, бұл кадрлар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы ең танымал көрікті жерлердің бірі – Нарат (Налаты) жазығында түсірілген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жайлаулар Тянь-Шань етегінде шамамен 2 мың метр биіктікте орналасқан және өңірдің ең әдемі табиғи орындарының қатарына кіреді. Видео авторы Алматыдан Инин (Құлжа) қаласына ұшақпен, содан кейін тағы төрт сағаттай көлікпен жеткенін айтады. Сондай-ақ, ол ұлттық паркке кіру ақылы екенін, ал ішінде әлеуметтік желілерде таралған рельсті арбалар аттракционы жұмыс істейтінін атап өтті.

Туристер бұл сапарды «жұмаққа апаратын жол» деп атайды, ал көпшілігі көріністерді Швейцариямен немесе Studio Ghibli мультфильмдерінің кадрларымен салыстырады. Саяхатшылардың ең көп тараған кеңестері: маусымнан тамызға дейін келу, жоғарғы бақылау алаңдарына көтерілу және паркке бір күн бөлу, себебі ішінде арнайы шаттлдармен жүру керек.

Алматыдан Ининге халықаралық автобуспен де жетуге болады, бірақ шекарадан өтуді есептегенде жол шамамен 12 сағатқа созылады.

Еске сала кетейік, Қазақстан азаматтары үшін Қытаймен визасыз режим қолданылады. Қазақстан азаматтары ҚХР-да бір сапарда 30 күнге дейін, бірақ 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімге визасыз бола алады.

Бұған дейін «Курсив» Құлжада не көруге болатыны туралы жазған болатын.