Әлеуметтік желілерде әскери қызметке шақыру туралы ақпарат таратқан Алматы тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 17 шілдеде алматылық Facebook-те азаматтардың ауруы болса да әскерге шақырылуы мүмкін деген бейнеролик жариялаған.
Осы факті бойынша құзырлы органдармен бірлесіп тексеру жүргізілді. Нәтижесінде таратылған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. 15 тамызда автор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ведомство азаматтың әскери қызметке жарамдылығы туралы шешім медициналық куәландыру нәтижелері бойынша, денсаулық жағдайы мен белгіленген талаптарды ескере отырып қабылданатынын еске салды.
Осылайша, денсаулық жағдайын есепке алмай әскерге шақыру мүмкін деген мәлімдемелер белгіленген тәртіпке сәйкес келмейді. Заңнамада көзделген жағдайларда жалған ақпарат тарату жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Әскерге шақыру, медициналық куәландыру тәртібі және әскери қызметтің басқа да мәселелері туралы ақпаратты тек ресми көздерден алуды ұсынамыз. Ақпаратты тексеріп, расталмаған деректерді таратпаңыз, — деп қосты министрлік.


