Алматылық үшін жаңа көлік сатып алу бірқатар қиындықтарға әкелді: үш күн ішінде көлік екі рет істен шықты. Ер адам ақшаны қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
Әмір Мыныбаев маусым айының басында жаңа көліктің иесі атанды, алайда сатып алу қуанышы ұзаққа созылмады. Үйге қайтар жолда-ақ жаңа көліктің салқындату жүйесінің кеңейту бачогы жарылып, қозғалтқыш қыза бастады. Көлік эвакуатормен сервистік орталыққа жеткізілді.
Кейін, иесінің айтуынша, дилер бачогы ауыстырып, барлық ақау жойылғанын хабарлады. Өкінішке қарай, екі күннен кейін қозғалтқыш қайта қыза бастады — бұл жолы ақау сапар кезінде орын алды. Көлік қайтадан эвакуатормен сервистік орталыққа жеткізілді.
«Көлік келгеннен кейін, диагностикадан өткен соң, олар қозғалтқыштың ақаулы екендігі туралы қорытынды жасады, нақтырақ айтқанда, цилиндр басы ақаулы, және маған қозғалтқышты ауыстыруды ұсынды. Мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Неге? Себебі көлік жаңа. Үш күн де жүрген жоқ. Олар бұл зауыттық ақау екенін растады. Осы келісімге қол қою арқылы мен сотқа шағымдану, БАҚ-та мәселені жариялау құқығынан айырыламын. Олар мұны тармақтар бойынша көрсетті, ақшаны қайтару мерзімі де белгіленбеген», — деді көлік иесі.
Қазіргі уақытта көлік дилерлік орталықта тұр. Ресми дистрибьютор компанияға бұл жағдай туралы белгілі екенін хабарлады. Олардың деректері бойынша, диагностика кезінде кепілдік міндеттемелер аясында жойылуға тиіс ақаулар анықталған. «Сонымен қатар, маусым айында клиентке көлікті толық құнымен сатып алу бағдарламасы бойынша мәселені реттеу ұсынылған болатын. Алайда клиент қосымша шарттар қойды, оларды компания бірқатар объективті себептермен, оның ішінде заңнамалық және техникалық сипаттағы себептермен қанағаттандыра алмайды. Дилерлік орталық өндірушінің кепілдік саясатына және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес әрекет етеді. Компания өз міндеттемелерін орындаудан бас тартпайды және жағдайдың конструктивті түрде тезірек реттелуіне сенеді», — деді дистрибьютор.
Заңгерлердің айтуынша, егер тараптар ымыраға келе алмаса, жағдайға түпкілікті құқықтық бағаны тек сот бере алады. Олардың пікірінше, сатып алушы көлік сатып алуға рәсімделген несие шартын жарамсыз деп тануды талап ете алады. «Осыдан кейін автосалон орналасқан жердегі аудандық сотқа талап арыз беру қажет. Талапкер сондай-ақ автосалоннан заңгер қызметіне кеткен шығындарды, моральдық зиянды өтеуді және төленген мемлекеттік баж салығын өндіріп алуды талап ете алады. Нәтижесінде автосалонның шығындары айтарлықтай жоғары болуы мүмкін. Сондықтан, заңгер ретінде, мен бұл дауды бейбіт жолмен реттеген дұрыс деп санаймын», — деді заңгер Ғабит Өмірбек.


