Абай облысында жұмыс істейтін «Горняк» алтын өндіруші артелі 2025 жылды 8 млрд теңге таза пайдамен аяқтады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,3%-ға жоғары. Бұл қаражат түпкі бенефициар — Лихтенштейн азаматы Адриан Роман Рейнбергерге тиесілі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кәсіпорынның негізгі өнімді өткізуден түскен түсімі 37,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 47%-ға өсті. Компания «Қазақмыс Корпорациясына» алтын құрамды флотациялық концентрат пен сульфидті кенді белгіленген бағамен жеткізеді. Бұл ретте сату құны 24%-ға өсіп, 15,8 млрд теңгені құрады.
Түпкі пайдаға әкімшілік шығындардың өсуі айтарлықтай әсер етті — олар 2,7 есеге артып, 4 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, басқа шығындар 3,7 млрд теңгені құрады, бұған дейін компания бұл бап бойынша кіріс көрсеткен еді.
«Горняк» артелі Абай облысындағы Қаражал, Ақшола және Оңтүстік Ақжал кен орындарын игеруге лицензияларға ие. Кәсіпорынның айтарлықтай несиелік міндеттемелері де бар: 2022 жылдың қыркүйегінде Bank RBK-мен $70 млн баламасы сомаға ұзақ мерзімді несие желісі туралы келісім жасалған. 2025 жылдың соңына қарай банк алдындағы қарыз 3,7 млрд теңгені құрады.
2025 жылы компания өз акционері — «Ақжал Голд Ресорсизге» 1,2 млрд теңге көлемінде дивиденд жариялап, төледі. Осы құрылым және нидерландтық International Private Equity Initiative B.V. арқылы кәсіпорын Адриан Роман Рейнбергерге тиесілі.
Еске салайық, 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Ақжал Голд Ресорсиз» 7,9 млрд теңге пайда тапқан еді.


