Satbayev University-де Алтын Орда қалаларын зерттеуде цифрлық технологияларды қолдану жөнінде археология, тарих, геология және басқа ғылым салаларының жетекші мамандары пікір алмасты, деп хабарлайды infohub.kz.
Кездесуге қатысушылар археологиялық мұраны цифрлық қайта жаңғыртудың жаңа әдістерін, соның ішінде нысандарды үш өлшемді модельдеу, геоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалануды қарастырды.
Іс-шара Мемлекет басшысының ұлттық тарихи мұраны зерттеу, сақтау және ғылыми тұрғыдан пайымдау жөніндегі бастамаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Satbayev University-де пәнаралық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді: инженерлік ғылымдар, цифрлық технологиялар, тарих және археология бірін-бірі толықтырып, шынайы ғылыми нәтижелер алуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Қазақстан – Алтын Орда тарихының негізгі қалалары шоғырланған ерекше аумақ. Бұл өлке әлемге сансыз бірегей тұлғаларды, мәдениет және тұрмыс бұйымдарын берді. Цифрлық технологиялардың дамуы бізге осы зерттеулерге ГАЖ-технологияларын, сапалы картаға түсіруді енгізуге мүмкіндік береді. Қазір біз қалаларды жеке орталықтар ретінде емес, осы аумақтың, ландшафттардың дамуы мен өзгеріс динамикасының тұтас бейнесін аламыз», – деп атап өтті Сатбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директорының орынбасары Саида Нигматова.


