Алжир орман мен егістік алқаптарын қасақана өртегендерге өлім жазасын көздейтін заң қабылдады. Бұған дейін елдің бірқатар аймағын шарпыған алапат өрттер болған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық жиналыс депутаттары бейсенбі күні осы заң жобасын дауысқа салып мақұлдады. Құжат бойынша бала ұрлау да өлім жазасына тартылатын қылмыс санатына енгізілді.
Алжирдің қылмыстық кодексінде кейбір қылмыстар үшін өлім жазасы бұрыннан бар. Алайда 1993 жылдан бері елде бірде-бір адам атылмаған.
Ресми деректерге сәйкес, өрттерден 12 адам қаза тапты. Ал тәуелсіз ақпарат құралдары бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары деп есептейді.
Солтүстік Африкадағы қатты ыстық кезеңде елдің солтүстік-шығысында 100-ден астам өрт тіркелген соң, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун әділет министрлігіне қылмыстық заңға өзгерістер енгізуді тапсырған болатын.
Жаңа заң бойынша орманды, тоғайды немесе егістік алқапты қасақана өртегені үшін сотталған адам өлім жазасына кесілуі мүмкін.
Сондай-ақ азаптау, жыныстық зорлық немесе мүшесін зақымдаумен ұштасқан бала ұрлау қылмысына да өлім жазасы қарастырылған.
Әділет министрі Лотфи Буджемаа парламентте сөйлеген сөзінде: «Осы әрекеттер үшін өлім жазасын қабылдау — бұл қылмыстарды тежеудің орынды құқықтық жауабы», — деді. Бұл туралы Франс Пресс ақпарат агенттігі хабарлады.
Министрдің айтуынша, қатаң жазаның қажеттілігі өрт қою «ұйымдасқан қылмыс деңгейіне» жеткенімен және тергеу деректері «шетелдік тараптармен» байланысты көрсеткенімен негізделген.
Заң Президент ресми бекіткенге дейін Ұлт кеңесінде — жоғарғы палатада қаралады.
Тергеуші журналист Нозха Хелалеф өртте қаза тапқандардың есімдерін отбасылар жариялаған қайғылы хабарламалар мен жергілікті билік таратқан мәліметтер арқылы жинап жүр.
Оның тәуелсіз Twala жаңалықтар сайтында жарияланған есебінде қаза тапқандар саны 200 деп көрсетілген.
Алжирде жаз сайын орман өрті жиі болады. Алайда климаттың өзгеруі соңғы жылдардағы өрттердің қарқыны мен ауырлығын күшейтіп отыр.


