Алжирдің солтүстігінде болған орман өртінен кемінде 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Бұл туралы елдің Азаматтық қорғаныс қызметі хабарлады. Өрт елдің солтүстік жағалауындағы бірнеше провинцияны шарпыған.

Ішкі істер министрі Саид Саюдтың сәрсенбі күні кешке мәлімдеуінше, кемінде 54 адам күйік жарақатын алған, оның алтауы қазір реанимацияда жатыр. Бұл қайғылы оқиға Солтүстік Африкада тұрғындар қатты ыстықтан зардап шегіп жатқан кезде орын алды. Атап айтқанда, Тунис пен Алжирде ауа температурасы өте жоғары.

Саюдтың айтуынша, Жижель провинциясында бес адам, Бежайяда төрт адам және Тизи-Узуда үш адам қаза тапқан. Ол Алжирдің денсаулық сақтау министрі Мұхаммед Седдик Аит Мессауденемен бірге Бежайяға барып, жергілікті өрт сөндіру және эвакуациялау жұмыстарын «бағалауда», деп хабарлады үкімет өкілдері.

Азаматтық қорғаныс қызметі мен жергілікті БАҚ мәліметінше, Бежайя мен Жижельдегі көптеген үйлер эвакуацияланған. Жергілікті Jijel News телеарнасы таратқан кадрларда тұрғындардың қалың түтін арасында пошта бөлімшесіне паналағаны көрінеді.

Азаматтық қорғаныс қызметі сәрсенбі күні кешке ел бойынша 69 өртпен күресіп жатқанын хабарлады. Үш жыл бұрын Бежайя аймағында болған алапат өрт орман мен егістік жерлерді шарпып, 30 адамның өмірін қиған еді. Өткен айда билік өрттен кемінде алты адам қаза тапқанын тіркеді, шілде айында Алжирде 2 мыңнан астам өрт болған.

Алжирде жаз айларында орман өрті жиі болып тұрады, алайда климаттың өзгеруі соңғы жылдары өрттердің қарқындылығы мен ауқымын күшейтті. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) мәліметінше, Солтүстік Африкада төтенше ыстық жиілеп кеткен. Бұл аймақ Африканың алты субрегионының ішінде ең жылдам жылып келе жатқан аймақ — 1991-2025 жылдар аралығында температура онжылдықта 0,43°C-қа артқан. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, ыстық пен су тапшылығы Алжирде жазғы ыстықта түйелердің өлімінің артуына да әкеліп отыр.