Amazon компаниясы ұйқы фазаларын денеге тағылатын гаджетсіз бақылайтын және оянуды жеңілдететін Echo Time смарт оятқышын таныстырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жаңа құрылғы жатын бөлмеге арналып жасалғандықтан, өндіруші жеке өмір құпиялылығына ерекше көңіл бөлді. Құрылғыда кіріктірілген камера жоқ, микрофондарды жеке батырмамен толық өшіруге болады, ал Alexa дауыстық көмекшісі жұмыс істеп тұрғанда арнайы жарық индикаторы жанады.

Оятқыш сфералық корпус пен 3,2 дюймдік дөңгелек сенсорлы экранға ие болды, оған жүздеген ауыспалы циферблат қолжетімді. Таңертең дисплей таңның атуын бейнелеп, жарықтығын біртіндеп арттырады, ал кешке күңгірттеніп, түнгі режимге ауысады.

Құрылғының басты техникалық ерекшелігі — ақылды ояту жүйесі. Гаджет ұйқы фазаларын температура датчиктері, қатысуды сезетін сенсорлар және адамның тынысын тіркейтін ультрадыбыс арқылы анықтайды. Алынған деректерге сүйене отырып, оятқыш белгіленген уақытқа дейінгі 10-60 минут аралығында, таяз ұйқы сәтінде іске қосылады. Егер кесте бойынша дәл тұру қажет болса, бұл опцияны өшіруге болады.

Құрылғының қарапайым нұсқасы сұр, ақ және қызғылт түстерде 200 долларға сатылымға шықты. Оған арналған реттелетін тіреуіш 40 доллар тұрады.

Сондай-ақ компания Amazon Kids+ сервисіне бір жылдық жазылыммен бірге күлгін және ашық жасыл түстердегі 210 долларлық Amazon Kids Echo Time балалар моделін шығарды. Онда ата-ана бақылауы мен балаларға арналған арнайы контент қарастырылған.