Аңызға айналған «Робокоп» экранға қайта оралады: Prime Video стримингтік қызметі сегіз эпизодтан тұратын сериалға тапсырыс берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға ортасында үлкен технологиялық корпорация тұрады. Ол қала билігін полиция қатарына қуатты роботты қосуға көндіреді. Роботтың денесіне қайтыс болған полицейдің санасы имплантацияланады. Бұл полицейді жергілікті тұрғындар қаһарман деп санайды.
Жобаның шоураннері және сценарийшісі болып Питер Окко тағайындалды. Атқарушы продюсер қызметін режиссер Джеймс Ван («Пила», «Заклятие», «Аквамен») атқарады. Жұмысқа 1987 жылғы түпнұсқа фильмнің тең авторлары Эд Ноймайер мен Майкл Майнер де қосылады.
«Технологиялар, тұлға және корпорациялардың шын мәнінде кімге қызмет ететіні туралы сұрақтар бүгін 1987 жылмен салыстырғанда одан да өзекті боп отыр», — деді Джеймс Ван. Оның айтуынша, авторлар түпнұсқа «Робокоптың» рухын сақтап, сонымен бірге жаңа аудитория үшін оқиғаны заманауи әрі өзекті етуге тырысады.
«Робокоп» франшизасы 1987 жылы Пол Верховеннің аттас фильмімен басталды. Кейін екі жалғасы, 2014 жылғы ребут, бірнеше сериал, мультсериал, комикс және бейнеойындар шықты.
Жаңа сериал Amazon MGM Studios компаниясының культтік франшизаларды дамыту стратегиясының бір бөлігі болады. Бұл франшизалардың құқығын компания 2022 жылы MGM студиясын сатып алғаннан кейін алған болатын. «Робокоптан» басқа, компания Джеймс Бонд әлемін белсенді дамытып, MGM-нің басқа да танымал фильмдері бойынша жаңа жобалармен жұмыс істеуде.


