Америкалық альтернативті медицина жақтаушысы, танымал блогер Мэтт Реске әлеуметтік желілерде 250 күн қатарынан радий қосылған құмырадан су ішіп жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Gizmodo басылымының жазуынша, инфлюенсер 1920 жылдары кең тараған псевдомедициналық құрылғы — ішкі беті радиоактивті кенмен қапталған Revigator құмырасын пайдаланады. Рескенің айтуынша, радиймен байытылған су ағзадан токсиндерді шығаруға көмектеседі және денсаулыққа мүлдем зиянсыз. Оның сөзінше, АҚШ билігінің мұндай құрылғыларға шамамен жүз жыл бұрын салыған тыйымы азаматтардың қамы емес, қастандықтың салдары болған.

Радиоактивті ыдыстар мен радий тониктері XX ғасырдың басында сергектік пен жасару құралы ретінде белсенді сатылды. Алайда зияны дәлелденген соң, мұндай тауарларды сатуға шамамен бір ғасыр бұрын тыйым салынды: радийді үнемі қабылдау ауыр сәулелік зақым, сүйек тінінің бұзылуы және онкологиялық ауруларға әкеледі.

Радиацияның өлімге әкелетін қауіптілігі туралы ғылыми деректерге қарамастан, блогердің видеолары мыңдаған лайк жинап, жобасына жүздеген мың қолданушы жазылған. Мамандар әлеуметтік желілердегі мұндай кеңестерге сену өмір мен денсаулыққа тікелей қауіп төндіретінін ескертеді.