Қазақстанда амнистия туралы заңды іске асыру жалғасуда. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев осы жұмыстың алғашқы қорытындылары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Нияз Рыспаевтың айтуынша, қазіргі уақытта соттарға 10 мыңға жуық ұсыныс жолданған. Соттар мыңнан астам материалды қарап, нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды.
Комитет өкілі босатылған азаматтарға қатысты әкімшілік қадағалау белгіленетінін атап өтті.
Амнистия пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға да қатысты. Пробация қызметінің есебінде тұрған тағы 724 азамат жазаны одан әрі өтеуден босатылды.
Сонымен қатар, 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Соттарда ұсыныстарды қарау жұмысы жалғасуда.


