Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Ана жыл әскер шығып, оңнан-солдан...
Ана жыл әскер шығып, оңнан-солдан
Соғысып жердің жүзі қанға толған.
Сол кезде Америка деген елде
Уолдер Белдет дейтұғын бір бай болған.

Оққа ұшқан, жараланған сансыз әскер,
Соғысқа Америка тіпті алыс жер.
Жараланған әскерге жәрдем қыл деп,
Уолдер Белдет жіберген талай дәрігер.

«Ешкімді алаламай қара» деген,
«Бәрін де өз бауырым деп сана» деген.
Дәрі, азық, күтушіні түгел беріп,
«Ешбір нәрсе қалмасын шала» деген.

Неше жүз автомобиль, арбаменен
Жіберсе де көңілі бір сенбеген.
«Салақ қарап жүре ме, әлде қайтер,
Жарайды-ау өз көзіммен көрсем» деген.

Сол оймен жүріп кетті кеме мініп,
Қайтпақшы емдегенін көріп, біліп.
Көз жеткісіз теңіздің ортасында,
Бір қазаға кез болды, кеме сынып.

Кеме суға кетерін пайымдаған,
Кемеші желқайықты дайындаған.
Уолдер Белдет қайыққа өзі мінбей,
Жас бала, кемпір-шалды уайымдаған.

Сондайларды құтқарып жел қайықпен,
Сол құтылса, өлейін мен-ақ деген.
Сыймай қалған бір әйел бебеу қағып,
Әрі-бері жүгірді «қайтем,– деп,– мен».

Кеменің суға батар кезі жетті,
Әлгі әйелге жаны ашып рахым етті.
Суға батпас белбеуін соған беріп,
Уолдер Белдет ерлікпен суға кетті.

Отаршы елдер ағызар әскер қанын,
Алмақ болып аз елдің жер мен малын.
Жаны ашымай жастарды оққа байлап,
Аяу қайда жас бала, кемпір-шалын.

Мұны ойласам жүрегім болар жалын,
Өнерлі ел өнерсізді құл қылғанын.
Көктен түскен періште деп білемін,
Ойласам Уолдер Белдет ердің халін.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама