Лондондағы Корольдік колледж ғалымдары анар мен грек жаңғағын тұтынғаннан кейін ағзада түзілетін уролитин А қосылысы жүрек жеткіліксіздігінің бір түрінде жүрек функциясын 80%-ға дейін жақсартатынын анықтады, деп хабарлайды infohub.kz.

Science Advances журналында жарияланған зерттеу нәтижелері бойынша, бұл жаңалық фракциясы сақталған жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын адамдарға үміт сыйлауы мүмкін.

Аталған аурудың таралуы артып келе жатқанына қарамастан, тиімді емдеу әдістері салыстырмалы түрде аз екені айтылады. Ауру көптеген факторларға, соның ішінде қартаюға, жоғары қан қысымына және қант диабетіне байланысты болғандықтан, емдеу қиынға соғады.

Ғалымдар уролитин А қан тамырларының жұмысына да, жүрек бұлшықетінің босаңсуына да маңызды рөл атқаратын PKGlα ақуызын белсендіретінін анықтады. Ол осы ақуыздағы белгілі бір аминқышқылына әсер етіп, жүрек-қан тамырлар жүйесіне оң әсер ететін сигналдық жолды іске қосады.

Уролитин А қабылдаған жануарларда бұл қосылысты қабылдамағандармен салыстырғанда жүрек функциясының көрсеткіштері 80%-ға дейін жақсарған.

Зертханалық тәжірибе уролитин А жүрек тінінің босаңсу қабілетін арттырып, фиброз деп те аталатын тыртықтануды азайтатынын көрсетті. Бұл қосылыс сонымен қатар жүрек бұлшықеті жасушаларының ұлғаюын азайтып, жасушалардың қалыпты функциясын сақтауға көмектеседі.

Зерттеушілер уролитин А-ны адамның бағаналы жасушаларынан алынған жасанды жүрек тінінде де сынады. Уролитин А бұл жасушалардағы тіндердің босаңсуын айтарлықтай жақсартқаны анықталды. Бұл алынған нәтижелерді адам жүрегінің функциясына қолдануға болатынын көрсетеді.

Ғалымдар алынған нәтижелерді пациенттерді емдеуге енгізу үшін қосымша зерттеулер қажет екенін атап өтеді.

«Әзірге, әрине, адамдарға жүрек жеткіліксіздігін емдеу үшін анар жеу керек деп айтуға жеткілікті дәлел жоқ. Дегенмен, біздің зерттеу нәтижелеріміз уролитин А өндірісін күшейтетін диеталық тәсілдер бұл жағдайды жеңілдетуге көмектесуі мүмкін екенін көрсетеді», — деп атап өтті зерттеудің жетекші авторы Джозеф Бургойн.

Оның айтуынша, жануарлар мен жасанды адам тініндегі оң нәтижелерге қарамастан, бұл тәсілдің пациенттер үшін тиімді екенін тексеру үшін енді адамдардың қатысуымен клиникалық сынақтар қажет.

Бұған дейін кардиолог Карлыгаш Хахазова жүректің сау болуына не көмектесетінін айтқан болатын.