Австриядағы Хинтертукс мұздығында өткен FIS Open халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасының фристайл-могулдан өкілі Анастасия Городко алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әйелдер сайысында қазақстандық спортшы 74,04 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетті. Күміс жүлдені жапондық Мио Тани (71,41 ұпай) алса, қоланы оның отандасы Марин Ито (70,66) иеленді.

Қазақстанның тағы екі өкілі Юлия Феклистова мен Юлия Мокина тиісінше 13-ші және 22-ші орындарға тұрақтады.

Ерлер сайысында қазақстандықтар арасында үздік нәтижені Павел Колмаков көрсетті — ол 72,34 ұпаймен сегізінші орынға жайғасты. Федор Бугаков үздік ондықты қорытындыласа, Максим Емельянов пен Семен Русаков тиісінше 11-ші және 13-ші орындарды алды.

Сонымен қатар Даниил Коротков 20-шы, Ильнар Ибрагимов 21-ші, Алексей Дегтярев 24-ші, Дмитрий Пятаков 43-ші орынды иеленді.

Ерлер турнирінің жеңімпазы жапондық Такэто Нисидзава (79,63 ұпай) атанды. Екінші және үшінші орындарды да Жапония өкілдері — Иккэй Фудзимура (78,54) мен Рёма Хаяси (75,56) алды.