Анатолий Кашпировский 87 жасында өмірден өтті. Ол — кеңестік және ресейлік психотерапевт әрі тележүргізуші, 1980-ші жылдардың соңында «емдеу» сеанстары туралы телебағдарламаларымен кеңінен танымал болған. Қайғылы хабарды оның директоры Сергей Рудых жеткізді. Ол журналистерге Кашпировскийдің ауруханада қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РБК дерегінше, Анатолий Кашпировский кеңестік және ресейлік психотерапевт әрі тележүргізуші болған. 1993–1995 жылдары Ресей Мемлекеттік думасының депутаты қызметін атқарған.

Оның өмірбаянының бір парағы Қазақстанмен байланысты: Ұлы Отан соғысы жылдары Кашпировский Қазақстандағы бір ауылда тұрған.

«Дәрігер-психотерапевт Анатолий Кашпировскийдің денсаулық сеанстары» бағдарламасы 1989 жылғы 8 қазаннан желтоқсанның ортасына дейін Орталық теледидардың бірінші бағдарламасында екі аптада бір рет, жексенбі күндері эфирге шығып тұрды. Бағдарламаның басты кейіпкері өз сөзін «спецификалық психотерапиялық әсер ету актісі» деп атады, оның «емдік ықпалы» «қарым-қатынастың бірінші секундынан» басталады дейді.