Англияның солтүстігіндегі Камбрия графтығының жағалауында Velella velella деп аталатын сирек теңіз тіршілік иелерінің жаппай пайда болуы тіркелді. «Желкенділер» деп те аталатын жүздеген ерекше көк организмдер Сент-Бис жағажайында байқалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жергілікті тұрғын Луиза Николсон алдымен оларды балдырларға ұқсатып, біреуін қолына ала жаздағанын, бірақ уақытында тоқтап, суретке түсіргенін айтты. Табылған дарақтардың көпшілігінің мөлшері шамамен бес сантиметрді құрайды.

Камбрия жабайы табиғат қорының теңіз ортасы бөлімінің жетекшісі Джорджия де Йонг Клейндерт бұл организмдер медузаға ұқсағанымен, олар медуза емес екенін түсіндірді. Олар колониялық гидроидтарға жатады және біртұтас жүзетін колония ретінде жұмыс істейтін жүздеген мамандандырылған дарақтардан тұрады. Өз атауын олар суда қозғалуға мүмкіндік беретін қатты жартылай мөлдір «желкеніне» байланысты алған.

Мамандар бұл тіршілік иелерінің улы екенін ескертіп, оларды қолмен ұстауға болмайтынын айтады. Ерекше теңіз организмдері жағажайға қатты желдің салдарынан келіп жеткен.